Академия ардагерлерін құрметті демалысқа шығарып салу рәсімі
Пятница, 30 января 2026

Бүгін Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының күнтізбесінде ерекше күн ретінде есте қалады. Бұл күн тек «30 қаңтар» ғана емес, тұтас бір дәуірдің аяқталғанын білдіреді. Сап түзеген курсанттардың көзқарасынан, әріптестердің қимастықпен соққан қолдарынан бір ғана сезімді оқуға болады: шексіз құрмет.
Біз бүгін Академияның тірегі болған төрт тұлғаны құрметті демалысқа шығарып салдық:
- Рахимберлин Ойрат Нұрашұлы,
- Тілеуғабылова Қайыр Самиғұлқызы,
- Садырбекова Балжан Тұрсынқызы,
- Майлыбаева Назгүл Балтабайқызы.
Бұл кісілер погон тағудың жауапкершілігін, білім берудің қиындығын және антыңа адал болудың маңыздылығын іспен дәлелдеген жандар. Олар Академияға тек жұмысқа келген жоқ, осы жерде өмір сүрді, шәкірттерін өз баласындай баулыды, ғылым мен тәртіпті тең ұстады.
«Ардагер» деген атақ тек жасқа байланысты емес, бұл жүріп өткен жолыңның тазалығына берілген баға. Олардың әрқайсысы өз биігінде, өз кәсібінің шыңында зейнетке бет алды.
Құрметті әріптестер! Сіздердің орындарыңыз әрқашан төрде. Сіздер үйреткен қағидалар біздің қызметтегі басты заңымыз болып қала береді. Еңбектеріңіздің зейнетін көріп, әр таңды шаттықпен қарсы алуға тілектеспіз!
Мінсіз қызметіңіз үшін мың алғыс!
Обновлено: 30.01.2026 22:02



