53-шығарылым түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті
Среда, 9 июля 2025

2025 жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында 53-шығарылым түлектеріне арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл маңызды шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Санжар Аскенович Адилов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей, облыстың құқық қорғау органдарының басшылары мен ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты. Рәсім барысында түлектерге жоғары кәсіби білім алғанын растайтын дипломдар ресми түрде табыс етілді. Қонақтар жас офицерлерге құттықтау лебіздерін білдіріп, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында адал қызмет етуге шақырды. Шараның ерекше сәттерінің бірі — курсанттар вальсі болды. Музыка ырғағымен орындалған вальс – түлектердің Академиямен қимастықпен қоштасуының символына айналды. Бұл әсерлі көрініс көрермендерге жылы сезім мен ұмытылмас әсер сыйлады. Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы түлектерге жүрекжарды тілектерін арнап, олардың алдағы қызмет жолында табысты болатынына сенім білдірді. Бұл күн – түлектер үшін тек оқу кезеңінің аяқталуы ғана емес, сонымен бірге құқық қорғау саласындағы жауапты әрі абыройлы жолдың бастамасы болды.