Қалқаман Сарин «Адалдық сағатын» өткізді
Сәрсенбі, 3 Ақпан 2021
Қазақстан Республикасының ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында білім алушылар арасында парасаттылық қағидаттарын ілгерілету бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізілуде.
Кезекті «Адалдық сағатының» қонағы қазіргі таңда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі ақын Қалқаман Сарин болды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, әрі ел ішінде танымал талай туындының авторы Қалқаман Саринөзінің өмірлік ұстанымы ретінде ұлы Абайдың тағылымын алға тартып, «Менің өмірдегі басты ұстанымым – «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген сөздерін келтірді.
Сондай-ақ, жастарды табанды еңбек етуге, тұлғалық дамуға және патриот болуға шақырды. Оның пікірінше, патриот болу үшін ең бірінші
әр азамат өзінің тарихын оқуы керек, сонда ғана елін, жерін, бабаларын мақтан тұтады.
Ол өзінің жеке өмірі мен мансабында жетістікке жетуге мүмкіндік берген әділеттілік пен адалдық сияқты өмірлік құндылықтарымен бөлісті. Бірінші кезекте ата-анасын мақтан тұтатындығын айта келе, «Анаңның жаққан ошақ отына жылынып, әкеңнің еккен еменінің көлеңкесінде өскен ұрпақ жаман болмайды», –деді.
Парасатты қоғам құру үшін әрбір адам өзінің санасын жақсылыққа қарай өзгертіп, парасатты ұрпақ тәрбиелеп, заңды, ұлтмыздың дәстүрін сақтау керектігін айтып ойын түйіндеді
Аталған іс-шара Академия курсанттарына белгілі тұлғалардың өмірі мен еңбек жолы арқылы өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, парасаттылық және сенім сияқты маңызды адамгершілік құндылықтар туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.