Қарағанды облыстық полиция департаментінің акт залында атаулы датаға орай «Ерлік сабағы» өтті
Жексенбі, 26 Желтоқсан 2021
1979 жылдың 25 желтоқсаны Ауған соғысының ардагерлері үшін атаулы дата. Дәл осы күні кеңес әскерлері алғаш рет Ауған шекарасына лап қойды. Соғыс 110 айға созылды, 22269 қазақстандық қатысты. Оның ішінде 924-і ерлікпен қаза тапқан, 86-ы қарағандылықтар. Мыңдаған адам мүгедек болып қалса, 21-і із-түссіз кеткендер қатарында. Қазақстан полициясы құрылымы да өзінің Ауған соғысы ардагерлерін мақтан тұтады. Қарағанды облыстық полиция департаментінде Ауған соғысының және ішкі істер органдарының 54 ардагері бар, оның тоғызы бүгінде өмірден озған. Қылмыстық іздестіру қызметкері Дмитрий Всеволодович Прокопович Ауған даласында опат болған.
ҚР ІІМ Қарағанды Академиясында 6 ауған ардегері бар. Олардың бірі полиция полковнигі Серғали Тоқтабеков – Академия бастығының орынбасары. Біздің ауған батырларының сол кездегі өздеріне тиесілі дүниелері, лайықты музей жәдігерлері сақталған. Біз олар туралы 15 ақпан – кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай арнайы фильм әзірлейтін боламыз.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің акт залында атаулы датаға орай «Ерлік сабағы» өтті. Жауынгерлік және еңбек даңқы музейінің меңгерушісі Айжамал Айтжанова жас қызметкерлерге ауған соғысының тарихы, құқық қорғаушылардың ерен ерлігі және майдан даласынан оралмаған батырлар туралы жан-жақты әңгімеледі.
Айжамал Бекішқызы жас офицерлерді патриоттыққа тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Ол 25 жылдан бері полиция департаментінің музейінде жемісті еңбек етуде. Полиция қызметкерлерінің көзсіз батырлығы, жанқиярлық ерлігі хақында көптеген фильмдер әзірлеуге ұйытқы болған. Оларды Youtube желісі арқылы көріп, ішкі істер органдарының тарихы, ерлікке лайық тұлғалар туралы тереңірек танысуға мүмкіндік бар. «Ерлік сабағына» Қарағанды Академиясының меймандары да қатысты. Идеологиялық және имидждік жұмыс бөлімінің бастығы Аят Нұрбеков жас полицейлерге ішкі істер министрлігі тарапынан жүргізіліп отырған идеологиялық жұмыстар туралы баяндады. Подполковник жас қызметкерлердің еңбегіне жеміс, деніне саулық тіледі. Бейбіт күнде әрқайсысы өздерін асыға күтетін отбасы мен жақындарымен аман-есен қауышуын жазсын деді.