“Халықтың алғысын алатын азаматтар болсын”: министр курсанттарға ақ жол тіледі
Жексенбі, 25 Қыркүйек 2022
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына барды
Жоғарғы оқу орнында ол, ең алдымен, киберқылмысқа қарсы күресті күшейтуге арналған, деректер базасымен жұмыс істеуге ыңғайлы, жетілдірілген компьютерлік бағдарламалар жиынтығымен танысты. Олардың арасында “Smart учаскелік полицей” жобасы, цифрлық криминалистиканы дамыту мен киберқауіпсіздікті күшейту бойынша оқу процесіне енгізілгелі отырған бағдарламалар, сондай-ақ кадрлық бақылауды жүргізуге арналған жүйе болды.
Оқу ордасында бүгін ерекше күн. Себебі оқуға қабылданған курсанттар салтанатты түрде ант қабылдап, Отанға мүлтіксіз қызмет етуге уәде берді. Әскери өмірге қадам басқан қыз-жігіттерді ведомство басшысы құттықтады.
Биыл оқуға 251 курсант түскен. Олардың 212-сі ер жігіт болса, 39-ы қыздар. Араларында “алтын белгі” иегерлері, үздік аттестатпен бітірушілер және арнайы мамандандырылған мектептің түлектері бар.
“Біз бүгін ант қабылдадық. Бұл ант бізді Отанымызға адал болуға, ақтық деміміз қалғанша қызмет етуге міндеттейді”, – деді курсант Бекболат Мейірбек.
“Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ахметжанов Марат Мұратұлы қатысты. Курсанттардың ата-аналары келді. Менің де отбасым келді. Бір-бірімізбен көрісіп, қуанып жатырмыз”, – деді курсант Серікбол Қыстаубай.
Жалынды жастарды еліміздің бас полицейінен бөлек Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Өзбекстан Республикасы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы академиясының бастығы Мирзаюсуп Рустамбаев, сондай-ақ өңірдің күштік құрылымдарының басшылары құттықтады.
Рәсім қаза тапқан қызметкерлерге тағзым етіп, “Мәңгілікке аттанғандар” ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.
Әдемі шеруді көруге жиналған ата-аналар қауымы да министрдің назарынан тыс қалмады. Марат Ахметжанов оларды сөзге тартып, ұл-қыздарына қолдау көрсетіп, болашақтарына сеніммен қарауды сұрады.
“Менің балам Тоқтақын Бақытжан Нұрболұлы кішкентай кезінен әскери салада жұмыс істегенді, ішкі істер қызметкері болуды армандаған. Біз бүгін, міне, салтанатты ант қабылдау рәсіміне келіп отырмыз. Отанының патриоты болсын, әскери салада елім, жерім деп, елдің туын көтеретін азамат болсын!”, – деді курсанттың анасы Алтынғайша Қасымова.
“Атам қазақ айтады “барлығы бірі үшін, бірі барлығы үшін” деп. Бәрі бір-бірін қолдап-демеп, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өздерін айна болып халыққа көрсете алса, олардың қызметі де жақсы, халықпен бірге болады деп ойлаймын”, – деді курсанттың әкесі Алмат Миллионұлы.
Шараның маңызды бөлігі – бірінші курс курсанттарына арнайы өткізілген дәріс болды. Министр болашақ тергеушілермен еркін форматта пікір алмасып, мамандыққа қатысты сұрақтар қойып, олардың ойын тыңдады.
“Тергеушінің іс жүргізудегі ең басты фигура” екенін алға тартқан министр жастардың жігерін арттырып, қызметте адал болуға, азаматтардың құқығы мен бостандықтарын қорғауға шақырды. Тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңес айтты.
“Тергеуді құқық қорғау және қылмыстық қудалау саласының төресі деп айтуға болады. Өйткені бүкіл дәлелдемелерді, айғақтарды жинайтын, соны сотқа жолдайтын, соған баға беретін, ол – тергеуші. Тергеуші өзі жинаған материалға сараптама жасап, қылмыс құрамы бар-жоғын тексеріп, заңды шешім қабылдауы тиіс”, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Жұмыс сапары барысында Марат Ахметжанов Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жеке құрамымен де кездесті. Әріптестерінің қызметін тексеріп, аймақтағы ахуалмен танысты. Президент Жолдауында айтылған басымдықтарға тоқталып, ішкі істер органдарына жүктеліп отырған міндеттерді еске салды.
Жиында өзекті мәселелер көтерілді. Мақсаттар айқындалып, нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ кездесуде кадрлық тағайындаулар орын алды. Министрдің бұйрығымен Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы Думан Қожахметов Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалса, қалалық басқарма бастығының орынбасары Шахназар Салин енді бастық лауазымына бекітілді.