«ІІО тарихының өзекті мәселелері: мәселелер, шешімдер, перспективалар» тақырыбында бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Сенбі, 11 Маусым 2022
Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының құрылғанына 30 жыл толуына орай 2022 жылдың 10 маусымында Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында «ІІО тарихының өзекті мәселелері: мәселелер, шешімдер, перспективалар» тақырыбында бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияның бастамашысы Қазақстан Республикасы ІІМ идеологиялық және имидждік жұмыс департаменті болды.
Іс-шараны ұйымдастырушы – ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы Ғылыми-зерттеу институтының ІІО тарихын зерттеу орталығы.
Конференция жұмысына Ресей Федерациясының ведомстволық жоғары оқу орындары – Ресей Федерациясы ІІМ Шығыс-Сібір және Уфа институттарының, Краснодар университеті мен ІІМ Омбы академиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының жетекші сарапшылары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты.
Іс-шараны ІІМ Қарағанды академиясы бастығының орынбасары, полиция полковнигі О.Т. Сейтжанов ашып, аталмыш конференцияны өткізудің өзектілігін, заманауилығын және идеологиялық маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ғылыми іс-шара ведомстволық жоғары оқу орындарының ІІО тарихын зерттеу саласындағы жемісті ынтымақтастықтың одан әрі жалғасына табатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде конференция модераторы – Қазақстан Республикасы ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің ғылыми қызметкері, ІІО құрметті ардагері, запастағы полиция полковнигі Каженов Болат Қойшыбекұлы ІІО тарихының өзекті мәселелерін зерттеудің маңыздылығын атап өтіп: «Полиция тарихы – кез келген халық пен мемлекет тарихының ажырамас бөлігі. Ішкі істер органдарының әрбір қызметкері өз кәсібінің тарихын, оның даму және қалыптасу кезеңдерін білуге міндетті. ІІО тарихын зерттеу және баяндау – құқық қорғау органдарының имидждік және идеологиялық жұмысының маңызды векторы», – деді.
Сонымен қатар, конференцияда ІІО-ның әлеуметтік институт ретіндегі тарихын кезеңдерге бөлу мәселелері, жаңа экономикалық саясат жылдарындағы Кеңес милициясы қызметінің идеологиялық және практикалық аспектілері қарастырылды, ХХ ғасырдың басындағы Омбы және Иркутск губерниясының полициясымен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету тәжірибесі зерделенді.
ІІО жүйесіндегі жеке тұлғаның рөліне деген қызығушылықтың өсіп келе жатқанын ескеретін болсақ, осы орайда қатысушыларға 1920 жылдары Башқұрт АКСР Ішкі Істер Халық комиссары қызметін атқарған Ш.А. Худайбердиннің қызметі туралы баяндама ерекше қызықты болды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар ІІО тарихын зерттеу саласында одан әрі сындарлы ведомствоаралық диалогты жалғастыру қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Ұлы дала тұлғалары» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Академияның ІІО тарихын зерттеу орталығы ІІО-ның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғалар туралы кітаптар сериясын дайындап, шығаруды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды академиясының Ғылыми-зерттеу институтының базасында ІІО тарихын зерттеу орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеті – ішкі істер министрлігінің Қазақстан Республикасы ІІО тарихы туралы тарихи білімді насихаттау, қазақстандық полиция қызметкерлерін идеялық-адамгершілік тәрбиелеу мәселелеріндегі қажеттіліктерін ғылыми қамтамасыз ету болып табылады.