Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізді
Дүйсенбі, 22 Қаңтар 2024
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті.
Президент балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударды. Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.
Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Алқа отырысы барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі туралы есеп берді.