“UNIFIGHT” универсалды жекпе-жек бойынша Әлем чемпионаты
Сейсенбі, 26 Қараша 2024
“UNIFIGHT” универсалды жекпе-жек бойынша Әлем чемпионаты: Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды Академиясының курсанттарының жеңістері.
2024 жылғы 22-24 қарашада Өзбекстан Республикасының Наманган қаласында «Қорғаныс құралдары» бойынша «Рашгард» және «Кимоно» бөліктерінде универсалды жекпе-жек бойынша Әлем чемпионаты өтті. Бұл халықаралық жарысқа әртүрлі елдерден спортшылар қатысты, олардың арасында Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды Академиясының командасы да болды.
Халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсеткен біздің өкілдеріміз өздерінің кәсіби дайындықтары мен спорттық шеберліктерін дәлелдеді. Қарағанды Академиясының құрамында жарысқа қатысқан спортшылар: полиция полковнигі Исмагамбетов Мурат Ашкенович, жедел-іздестіру қызметі кафедрасының бастығы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, күрес және жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, сондай-ақ 4-курс курсанттары — Каликанов Нурасыл Ауесханович және Закарин Нурбек Нуркенович, екеуі де қол жекпе-жегі бойынша спорт шеберлері.
Жарыстың алғашқы күні «Қорғаныс құралдары» бөлімі бойынша «Рашгард» түрі өткізілді. Осы бөлімде Академияның курсанттары тамаша нәтижелер көрсетті. Каликанов Нурасыл абсолюттік салмақ санатында Әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді. Оның курстасы Закарин Нурбек де жоғары нәтиже көрсетіп, 85 кг дейінгі салмақ санатында үшінші орын алып, қола медаль жеңіп алды.
Екінші жарыс күні «Қорғаныс құралдары» бөлімінің «Кимоно» түріне арналды. Бұл бөлімде де Каликанов Нурасыл шеберлігін тағы бір рет көрсетті және абсолюттік салмақ санатында қола медаль иеленді. Закарин Нурбек өз командасының жетістіктерін жалғастырып, 85 кг дейінгі салмақ санатында күміс медаль жеңіп алды.
Жарысқа 450-ден астам спортшы қатысқан болатын және біздің спортшылар өздерін жоғары деңгейде көрсетіп, бар күш-жігерін салды. Бұл нәтижелер тек спорттық даярлықтың жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, Қарағанды Академиясының мықты және мақсаттары айқын мамандарды тәрбиелеу дәстүрлерін жалғастырып отырғанын дәлелдейді.