«Ұлы дала құқығы» аудиториясының ашылу салтанаты өтті
Суббота, 14 июня 2025

2025 жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында құқықтық мұра мен тарихи сабақтастықты насихаттау мақсатында «Ұлы дала құқығы» аудиториясының ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек» – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер аталған шараның мән-маңызын айқындай түсіп, оның мазмұнымен де, мақсатымен де үндесіп тұр. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Санжар Аскенович Адилов пен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей және облыстың құқық қорғау құрылымдарының басшылары қатысты. Заң мен тәртіп ұлы дала өлкесінде халықтың өмір сүруінің, қоғамдық келісімнің негізі болды. Тарихи кезеңдерде қазақ қоғамында қалыптасқан әдет-ғұрып, дәстүрлер, салт-саналар заңдық нормалардың негізін қалады. Қазіргі таңда, Ұлы даланың заң мен тәртібі ұлттық кодекстер, құқық қорғау органдары және әлеуметтік нормалар арқылы жалғасуда. Қазақстан Республикасының заңдары халықтың құқығын қорғап, әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Аудиторияда ежелгі түркі дәуірінен бастап тәуелсіздікке дейінгі құқық тарихын қамтитын стендтер орнатылды. Бұл болашақ офицерлерге құқықтық білім мен рухани мұраны ұштастыруға негіз болады.