Қарағанды академиясында заңнамалық өзгерістер бойынша кездесу өтті
Пятница, 19 сентября 2025

2025 жылғы 19 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында практикалық сабақтар аясында Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рашад Богдатович Утеуовпен кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, 4 курс курсанттары, бастапқы кәсіптік даярлық тыңдаушылары, сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарының қызметкерлері қатысты.
2025 жылғы 16 қыркүйекте заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында Қарағанды облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Арман Кендебайұлы Құдайбергенов сөз сөйледі. Ол жаңа заңнамалық өзгерістердің негізгі аспектілерін түсіндіріп, олардың құқық қорғау қызметіне әсерін талқылады.
Кездесу соңында азаматтардың құқықтарын қорғауға, қылмыстық істерді тергеу сапасына және іс жүргізу құжаттарын дұрыс дайындауға ерекше назар аудару қажеттілігі атап өтілді. Бұл бағытта тыңдаушыларға нақты ұсыныстар берілді, олар өз кезегінде құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған.