Адам құқықтары күніне арналған семинар
Среда, 10 декабря 2025

2025 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы мен Қарағанды облысының Полиция департаменті бірлесіп, Халықаралық адам құқықтары күніне орай және «Заң және тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында «Адам құқықтары – полиция қызметкерінің қызметтік іс-әрекетінің негізі» тақырыбында семинар өткізді.
Семинарды Қарағанды облысы Полиция департаментінің Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ғабит Дильмагамбетов құттықтау сөзбен ашты. Ол өз баяндамасында адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу – полиция қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындаудағы негізгі бағдар және ішкі істер органдарына қоғам сенімін арттырудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Семинар жұмысына Қарағанды облысы ПД қызметкерлері, қоғамдық-құқықтық пәндер кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттар, магистранттар және Академияның кәсіби даярлық факультетінің курсанттары қатысты. Спикерлер ретінде:
- Қарағанды облысы бойынша Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл И. Киселёва;
- soft skills тренері, халықаралық коуч, кәсіби медиатор М. Шиллер;
- Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы тәрбиелік жұмыс және қосымша білім беру бөлімінің басшысы А. Калмагамбетова;
- «Болашақ» академиясының «Қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі А. Илясова баяндамалар жасады.
Семинар барысында полиция қызметкерлерінің күнделікті қызметінде адам құқықтарын сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, полиция мен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Іс-шара қорытындысы бойынша мұндай семинарларды жүйелі түрде өткізу ішкі істер органдары қызметінің құқыққорғаушылық бағытын нығайтуға, қызметкерлерде азаматтардың құқықтары мен қадір-қасиетіне құрметпен қарауға бағытталған тұрақты дағдылар қалыптастыруға, сондай-ақ «Заң және тәртіп» идеологемасын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Обновлено: 10.12.2025 22:26



