Батыс Қазақстан облысында кәсіптік бағдар беру іс-шарасы өтті
Пятница, 26 декабря 2025

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының өкілдері – полиция полковнигі Ахметжанова Надежда Николаевна және полиция аға лейтенанты Қабынкенқызы Бақтлы – бакалавриат білім беру бағдарламасы бойынша академияға түсуге үміткерлер арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу мақсатында Батыс Қазақстан облысына іссапармен келді.
2025 жылғы 23 желтоқсанда аталған академия өкілдері Орал қаласында колледж студенттерімен және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына түсу тәртібі, оқу үдерісінің ерекшеліктері, дайындалатын мамандықтар туралы кеңінен ақпарат берілді.
Сондай-ақ, болашақ тыңдаушыларға мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік қолдаулар, оқыту кезеңіндегі жағдайлар, материалдық-техникалық база және оқу аяқталғаннан кейінгі қызметке орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына нақты жауаптар алды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды құқық қорғау саласындағы мамандықтарға қызықтыру, олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесу.
Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы алдағы уақытта да өңірлерде осындай кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Обновлено: 26.12.2025 15:29



