Дрондарды пайдалану бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді
Понедельник, 11 августа 2025

Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында алғашқы кәсіби даярлық курстарының тыңдаушыларына «Оқиға болған жерді қарау кезінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдалану» тақырыбында тәжірибеге бағытталған сабақ өткізілді. Бұл сабақтың негізгі мақсаты — болашақ ішкі істер органдары қызметкерлерін оқиға орнындағы жағдайды және заттай дәлелдемелерді бекітуге арналған заманауи техникалық құралдармен таныстыру болып табылады. Сабақ барысында тыңдаушылар дрондарды қолдану тәртібін, бейнетүсірілім мен фотобекіту әдістерін, сондай-ақ алынған материалдарды іс жүргізу құжаттарында пайдалану ерекшеліктерін меңгерді. Сабақ интерактивті форматта өтіп, дронның шынайы жағдайда жұмысы көрсетілді. Криминалистика кафедрасының оқытушылары тыңдаушылардың жоғары қызығушылығын және тергеу-жедел іс-шаралар тәжірибесіне технологияларды енгізудің өзектілігін атап өтті.